Каталондық "Барселона" клубының президенті Жоан Лапорта ағылшындық "Манчестер Сити" сапында өнер көрсететін норвегиялық шабуылшы Эрлинг Холандтың трансфері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Каталониялықтардың Холандқа жоспары болды
Бұған дейін "Барселонаның" Холанды 2026 жылдың жазында қатарға қосу туралы ауқымды жоспары бары хабарланған еді. Клуб бұл трансферге қажетті соманы жинауды да бастап кетті.
"Өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ. Бірақ дәл қазір біз бұл туралы ойламаймыз. Меніңше, бұған қажеттілік те жоқ. Оның үстіне, Холанд жақында "Ситимен" келісімшартын ұзартты", – деп келтіреді Лапортаның сөзін Mundo Deportivo.
Холанд "Манчестер Сити" сапында 2022 жылдан бері ойнап келеді. Оның клубпен келісімшарты 2034 жылға дейін есептелген. Transfermarkt порталы оның нарықтық құнын 200 миллион еуро деп бағалап отыр.
Биылғы маусымда норвегиялық шабуылшы барлық турнирлердегі 42 матчта 30 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.
Жарнама